63,5 келі салмақта қай боксшымыз іріктеуге барады деп бас қатырдық. Ал енді оның жауабы белгілі болды. Лизенциялық турнирге сен тұр мен атайын деген алты боксшының арасында жекпе-жек өткізіп, жеңгені барады.
Қазақстан құрамасы 23 мамыр мен 5 маусым аралығында Бангкок қаласында (Таиланд) өтетін лицензиялық турнирге бару құқығына үміткер алты боксшының арасында іріктеу турнирін өткізеді.
Ерлер арасында 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан бір Олимпиада квотасын жеңіп керек. Осыған орай 8-10 сәуірде Астанада шағын турнир ұйымдастырылады. Онда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Ертуған Зейнуллинов, Серік Теміржанов, Дулат Бекбауов, Жандос Қыдыралиев және Төрехан Сабырхан өнер көрсетеді. Олардың ішіндегі ең мықтысы Бангкокқа барады.
Естеріңізге сала кетейік, Бусто-Арсициодағы (Италия) әлемдік іріктеу турнирінде қазақстандық боксшылар бес Олимпиада лицензиясын жеңіп алған болатын. Төртжылдықтың басты додасына Сәкен Бибосынов (51-ге дейін), Махмұд Сабырхан (57-ге дейін), Асланбек Шымбергенов (71-ге дейін), Нұрбек Оралбай (80-ге дейін) және Айбек Оралбай (92-ге дейін) барады.
Бұған дейін Қамшыбек Қонқабаев (92 келіден жоғары) 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында Олимпиада жолдамасын иеленген болатын.
Ал қыздар арасында Олимпиадаға баруға әзірге Карина Ибрагимовада (57 кг) ғана мүмкіндік бар. Бұрымды боксшыларымыз — 50, 54, 60, 66 және 75 келі салмақ дәрежелерінде Олимпиада лицензиясын иеленген жоқ. Дегенмен, бұл жағдайды Бангкок қаласында (Таиланд) өтетін екінші лицензиялық турнирде әлі де түзетуге болады. Оның қорытындысы бойынша шілде айында Франция астанасына төртжылдықтың басты додасына баратын боксшылардың соңғы тізімі анықталады.