Қазақстандық теннисшінің жартылай финалдағы қарсыласы аса тәжірибелі, қазір 32-орында тұрған Виктория Азаренко болды.
Ол өз спорттық жолында талай табысқа қол жеткізген. Соның ішінде Аустралия ашық чемпионатының екі рет, Майами жарысының үш дүркін жеңімпазы атанып үлгерген. Дегенмен Азаренко мен Рыбакина өзара үш рет кездесіп, бәрінде қазақстандық теннисші басым түскен болатын.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Сосын сетті өз пайдасына түйіндеді – 6:4. Екіншісінде Азаренко үш брейк жасап, бет қаратпады – 6:0.
Үшінші, шешуші сетте есеп 2:2 болғанда, Рыбакина брейкпен алға шықты. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді – 5:5. Дегенмен тай-брейкте өте сәтті ойнады – 7:6 (7:2).
Рыбакина шешуші кездесуде 1/2 финалда әлемнің 16-шы ракеткасы ресейлік Екатерина Александровадан айласын асырған америкалық Даниэль Коллинзбен кездеседі — 6:3, 6:2. Кездесу бір сағат 15 минутқа созылды. Коллинз бен Рыбакианың кездесуі 31 наурызда өтеді.
Осы жетістігінің арқасында Елена WTA чемпиондық таласта Беларусь елінің өкілі Арина Соболенконы басып озып, екінші орынға көтерілді. Қазір Рыбакинаның 2693 ұпайы бар. Әлемдік бірінші рейтингтің көшбасшысы Ига Швентекте 3140 ұпай бар. Соболенконың еншісінде 2520 ұпай.