Қазақстан бокс федерациясы Ангелина Лукастың Қазақстан құрамасының басқа өкілдерімен бірге спаррингтік кездесулерге неге қатысудан бас тартқаны туралы мәлімдеме жасады.
«Қазақстан бокс федерациясы 8-10 сәуір күндері Астанада өтетін Әлемдік лицензиялық турнирге іріктеу ретінде ұйымдастырылатын спаррингтік кездесулерге қатысу үшін боксшы Ангелина Лукасқа шақырту жіберді. Алайда Ангелина Лукас кәсіпқой бокстағы соңғы рейтингтік жекпе-жегін 30 наурызда Таиландта өткізгендіктен және 20 сәуірге тағы бір чемпиондық жекпе-жегі жоспарланып тұрғандықтан өткен айқастан кейін тынығып, алдағы жұдырықтасуына дайындалу қажет болады. Сондықтан, Ангелина Лукас Астанада өтетін іріктеу спаррингтеріне қатыса алмайтындығы белгілі болды. Өз тарапымыздан боксшыны өткен жекпе-жектегі жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз және алдағы айқасына сәттілік тілейміз!», — делінген хабарламада.
8-10 сәуірде Астанада өтетін спарринг қорытындысы бойынша жаттықтырушылар кеңесі Бангкок қаласында (Таиланд) өтетін Әлемдік іріктеу турниріне қатысатын спортшыларды анықтайды.
Нәтижесінде 54 келі салмақта Әнел Сақыш, Жайна Шекербекова, Балауса Мұздиман, Элина Базарова, Ұлжан Сәрсенбек және Сымбат Әлиасқар 2024 жылғы Олимпиадаға лицензия үшін күреске бару мүмкіндігін сарапқа салады.
Өткен сенбіде Ангелина Бангкоктағы бокс кешінде жергілікті спортшы Танварат Саенгиамжитті (8-5-1, 3 КО) жеңді.
Айта кетейік, енді бокстан Қазақстан әйелдер құрамасын жаңа бапкер — Елдос Сайдалин жаттықтыратын болды. Сайдалин бұл қызметте ұлттық құраманы 2021 жылдың қыркүйегінен бастап баптаған Шамиль Сафиуллинді алмастырды.