Футзалдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Өзбекстан құрамасынан жеңіліп қалды.
Тараздағы кездесу 6:5 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Рикардо Кака шәкірттерінен Рашит Жахангир мен Арнольд Кнауб (хэт-трик) және Эдсон гол соқты.
Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуір күні екі команда Таразда тең ойнаған болатын — 2:2. Ол уақытта Қазақстан құрамасы матч аяқталуға 40 секунд қалғанда жеңілістен аман қалды. Ал 4 сәуірде құрамамыз Таразда жолдастық кездесуде Қырғызстан құрамасын 3:2 есебімен ұтты.
Матч аяқталған соң Қазақстан құрамасының капитаны Игита Өзбекстанмен өткен екінші жолдастық кездесу туралы пікір білдірді.
«Матчқа қатысты өз пікірімді білдіргім келеді. Алаңдағы жаңа буынның өнерін тамашалағаныма риза болдым. Менің ойымша, кешегі күн мен бүгінгі күн олар үшін де, біз үшін де өте жақсы тәжірибе. Өйткені матч қиын болды. Өзбекстан құрамасы – Азиядағы үздік командалардың бірі және олар әлем чемпионаттарында үнемі жақсы деңгейде ойнайды. Бүгін өте жақсы матч болды деп ойлаймын. Осы Тараздағы матчтарға келіп, қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Жеңіске жете алмадық. Бірақ, бір-екі жылдан кейін бізді алмастыратын жаңа буынмен ойнағаныма қуандым. Сондықтан жас ұрпақпен алаңға шыққанымды мақтан тұтамын. Қазақстанда футзал дұрыс бағытта дамуда. Алға, Қазақстан!», – деді Игита.
Айта кетейік, 2024 жылы күзде Өзбекстанда өтетін футзалдан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы да өнер көрсетеді.