Astana Qazaqstan Team шабандозы Алексей Луценко италиялық Джиро д’Абруццо көпкүндігінің жалпы классификацияның жеңімпазы атанды.
Соңғы кезеңде шабандоздар Монторио аль-Воманодан Л’Акуилаға дейін 173 шақырымды жүріп өтті. Мәреге 50 шақырым қалғанда Алексей және екі қарсыласы пелотоннан бөлініп шықты және олар мәреге дейін бұл басымдықты сақтап қалды. Нәтижесінде Алексей жалпы классификациядағы көшбасшылығын сенімді түрде қорғап қалды.
Жалпы классификацияда жеңіске жетумен қатар, Алексей тағы екі классификацияда үздік нәтиже көрсетті. Ол ұпай саны бойынша және таулы аймақтың үздік шабандозы атанды.
«Барлығы жоспарланғандай болды. Кеше біз ең қиын кезеңді жеңіп алдық, ал бүгін біз жарысты бақылауға алып, команда бір минутта, ең көбі бір жарым минутта алға шықты. Жігіттер бүгін 100% жұмыс істеді. Әсіресе, бізде тәжірибелі шабандоздармен тең дәрежеде жарысып, лайықты өнер көрсеткен жас шабандоздар бар екені өте қуанышты. Мәреге 50 шақырым қалғанда мен жағдайды бақылауға алып, көшбасшының жейдесін қорғау үшін шабуылға шыққан шабандоздар қатарына қосылдым. Мақсат орындалды, барлығы дән риза», – деді Алексей Луценко.
Жарыс аяқталған команданың спорт директоры Джузеппе Мартинелли көпкүндікті қорытындылады.
«Луценко жарысқа қатысатын шабандоздар қатарында болған кезде, әрқашан жақсы. Ол көшбасшы, команданың нағыз капитаны. Бұл жарыста команда құрамында капитан үшін аянбай тер төгуге дайын жас шабандоздарымыз да болды. Бүгін таңертең біз командалық жұмыстың маңыздылығы туралы айттық. Мен команда бүгін жақсы, тіпті керемет жұмыс жасады деп айта аламын! Нәтижеге ризамын. Бұл біздің алдағы уақытта өтетін Льеж-Бастонь-Льеж және Романдия туры алдында көмегі тиетін тамаша жеңіс», — деді Джузеппе Мартинелли.