Магнитогорскінің «Металлург» командасы Екатеринбургтің «Автомобилист» командасын жеңіп, Гагарин кубогының финалына шықты.
Жетінші кездесуде Магнитогорск өз айдынында «Автомобилист» командасын қабылдады. Кездесу 3:2 есебімен айдын иелерінің пайдасына аяқталды.
«Металлург» сапынан гол соққандар: Дмитрий Силантьев (тоғызыншы минут), Данила Юров (15) және Денис Зернов (24). «Автомобилист» командасынан Максим Денежкин екі рет (20 және 25 минут) көзге түсті. Осылайша, төрт жеңіске дейінгі сериядағы есеп «Металлург» пайдасына 4:3.
Финалдық серияда құрамында Қазақстан құрамасының хоккейшілері Валерий Орехов, Алексей Маклюков, Никита Михайлис және Павел Акользин бар Магнитогорскінің хоккей клубы Ярославльдің «Локомотивіне» қарсы ойнайды.
18 және 20 сәуірде матчтар «Металлург» мұз айдынында өтеді. Келесі серия Ярославльде 22 және 24 сәуірде өтеді. Командалар 26 сәуір күні Магнитогорскіде, ал 28-і күні Ярославльде қайта кездеседі. Жетінші кездесу 30 сәуірде Магнитогорскіде өтеді деп жоспарланған.