Елена Рыбакина жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швенткке қарсылас атанды.
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Штутгартта (Германия) өтіп жатқан WTA 500 — Porsche Tennis Grand Prix турнирінің жартылай финалына шықты. Ширек финалда қазақстандық теннисші италиялық, әлемнің 14-ші ракеткасы Жасмин Паолиниді 6:3, 5:7, 6:3 есебімен ұтты. Қарсыластар кортта 2 сағат 10 минут өткізді. Қазақстандық ойыншы 7 эйс жасап, 2 қосарлы қателікке жол берді. Осылайша, Рыбакина спорттық мансабында алғаш рет Штутгарттағы турнирдің жартылай финалына шықты. Бұған дейін ол осы турнирде екі рет екінші айналымнан әрі аса алмаған.
Финалға шығу үшін еліміздің бірінші ракеткасы екінші ширек финалда британиялық Эмма Радукананы 2 сағат 4 минутта 7:6 (2), 6:3 есебімен ұтқан әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекпен кездесетін болды.
Тағы бір ширек финалда сенсация орын алды. Әлемнің екінші ракеткасы, беларусь Арина Соболенко 6:3, 3:6, 5:7 есебімен чехиялық Маркета Вондроушовадан жеңіліп қалды. Жартылай финалда Вондроушова Кори Гауфф (No3, АҚШ) — Марта Костюк (No27, Украина) жұбының жеңімпазымен кездеседі.