19-сәуір күні Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Әлем Кубогының шешуші кезеңінде Нариман Курбанов Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Ат снарядындағы финалда Нариман 4-сатыға тұрақтап, ал негізгі қарсыласы Ли Чи Кай (Қытайдың Тайпейі) күміс жүлде алды. Осылайша, жалпы Әлем Кубогының рейтингінде қазақстандық гимнаст 3-сатыда қалады.
Ал еркін жаттығуда Олимпиада лицензиясының иегері Милад Карими (14.766 ұпай) чемпион атанды. Тағы бір қазақстандық спортшы Дмитрий Патанин 14.500 ұпай жинап, 3-сатыға табан тіреді. Күміс медаль Люк Уайтхаустың (Ұлыбритания, 14.566 ұпай) еншісінде.
Айта кетейік, қазір барлығы Қазақстанда Парижде өтетін Олимпиада ойындарына 14 спорт түрінен 42 лицензия бар.