Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны Штутгарттағы (Германия) WTA 500 — Porsche Tennis Grand Prix турниріндегі жеңісімен құттықтады. Ол финалда Марта Костюкті жеңді.
«Елена Рыбакинаны Штутгартта өткен беделді теннис турнирінің жеңімпазы атануымен құттықтаймын. Қазақстанның бірінші ракеткасы биылғы маусымда осымен үшінші турнирде жеңіске жетіп отыр. Бұл – үлкен жетістік. Даңқты теннисшімізге толағай табыс тілеймін!», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Штутгарттағы турнирдің жүлде қоры 922 573 долларды құрады. Қомақты сыйақыдан бөлек Рыбакина Porsche көлігі мен рейтингтік ұпайға ие болды. Рыбакина үшін бұл 2024 жылғы үшінші титул. Ол бұған дейін Брисбенде (Аустралия) және Абу-Дабиде (БАӘ) өткен WTA 500 турнирлерінде жеңіске жеткен болатын.
«Көп рахмет! Мартаны тамаша турнирмен құттықтағым келеді. Сен өте керемет ойнайсың. Біз әлі талай финалда ойнаймыз деп үміттенемін. Командама алғыс айтқым келеді. Бапкерім Стефано мен федерация президентіне қолдауға келгендері үшін рахмет! Достар, бұл керемет апта болды. Мұнда әр матчты өткізіп, жеңіс үшін күресу бір ғанибет. Осындай қиын кездесулерде сіздердің қолдауларыңыз күш-қуат берді. Сіздерге көп рахмет!», — деді Рыбакина.
Рыбакина Штутгартта жеңіске жеткені үшін алған Porsche Taycan 4S көлігін не істейтінін айтты.
«Әзірге білмеймін. Бірақ, мен бұл көлікті міндетті түрде мінемін. Біз оны Дубайда қалдырсақ па деп ойлап отырмыз. Сондықтан көлікті Стефано жүргізетін шығар. Мүмкін анам. Жақын арада көлікті мен де тізгіндеймін деп үміттенемін», — деді Рыбакина баспасөз мәслихатында.