Қазақстандық теннисшілер — Юлия Путинцева мен Александр Шевченко Мадридтегі турнирді жеңіспен бастап, екінші айналымға жолдама алды. Ал Елена Рыбакина мен Александр Бублик әлемдік рейтингте көшбасшылар қатарында болғандықтан, жарысты бірден екінші кезеңнен бастайтын болды.
Мадридте (Испания) өтіп жатқан WTA 1000 турниріндегі Елена Рыбакинаның алғашқы қарсыласы анықталды. Екінші айналымда Рыбакина италиялық Лучия Бронцеттимен өзара мықтыны анықтайтын болады. Бронцетти бірінші айналымда Франция өкілі Варвара Грачевамен ойнап, екі сеттен кейін 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Кездесу бір сағат он минутқа созылды. 1/32 финал аясында Рыбакина мен Бронцетти арасындағы матч 26 сәуірде өтеді деп жоспарланған.
Бұған дейін Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева сенсациялық түрде жарыстың екінші кезеңіне өткен болатын. Теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 37-ракеткасы, қытайлық Юань Юэмен сәтті өткізді. Бірінші партияда Юлия екі брейкпен қарсыласының қадамын аштырмады – 6:2. Есесіне екінші сетте қытайлық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Бірақ Путинцева дер кезінде жинала білді – 6:4. Бір сағат 27 минутқа созылған бәсеке барысында ол 7 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Юань Юэ 1 эйс, 1 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді. Путинцеваның екінші айналымдағы қарсыласы бұдан да азулы болмақ. Ол әлемнің 8-ракеткасы, тағы бір қытайлық Чжэн Циньвэньмен сынға түседі.
Сонымен қатар Қазақстанның ерлер арасында екінші ракеткасы Александр Шевченко да Мадридте (Испания) өтіп жатқан ATP 1000 сериясы Mutua Madrid Open турнирін жеңіспен бастады. Бірінші айналымдағы кездесуде Артур Риндеркнешмен кездесіп, 6:4, 5:7, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Текетірес екі сағат 17 минутқа созылды. Келесі айналымда Шевченко әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, испаниялық Карлос Алькараспен сынға түседі.
Айта кетейік, Қазақстанның үздік теннисшісі Александр Бублик Мадридтегі турнирді екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы Доминик Кепфер (Германия) — Роберто Карбальес-Буэна жұбының жеңімпазы болмақ.