Дзюдодан Қазақстан командасының бұрынғы мүшесі Дидар Хамза ұлттық құрамаға қайта оралды. Ол Душанбеде өтетін Grand Slam турниріне қатысатын балуандар тізіміне кірді. Бұл туралы Olympic.kz. мәлімдеді.
Мамырдың 3-і мен 5-і аралығында Душанбеде (Тәжікстан) дзюдодан «Үлкен дулыға» сериясының халықаралық турнирі өтеді. Қазақстан ерлер құрамасының жаттықтырушылар құрамы турнирге қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.
Келесі спортшылар медальдар мен рейтингтік ұпайлар үшін таласады:
60 келіге дейін: Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев
66 келіге дейін: Еламан Сұлтанбай, Алмас Ғалымов
73 келіге дейін: Дастан Шаяхметов, Дархан Қойбағар
81 келіге дейін: Абылайхан Жұбаназар
90 келіге дейін: Аян Байғазы, Дидар Хамза
100 келіге дейін: Ислам Бозбаев, Нұрлыхан Шархан
100 келіден жоғары: Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев.
Аталмыш спортшылар арасында мансабын аяқтаған Дидар Хамза да бар. Естеріңізде болса, былтырғы Азия ойындарынан кейін дзюдошы үлкен спортпен қош айтысатынын мәлімдеген еді.
«Азия ойындарынан соң сондай қиын күй кештім. Мұндай жағдай әрбір спортшының басында болады деп ойлаймын. Өйткені, әр жарыста ұтыла берген соң, күресуге, татамиге шығуға жігер қалмайды. Менің де басымнан осы жағдай өтіп, спорттан кетемін деп шештім.
Бірақ аздаған үзілістен соң күресуге деген ынтам қайта оянды. Жігіттердің күресін, жарыстарды көріп, әлі де белдесуге болатынын түсіндім. Осылайша, жаңа жылдан бастап ұлттық құрамаға қайта келіп, жаттығу жиындарына қатысудамын. Халықаралық жиындарға да бардым.
Бапкерлер шешімімен, Душанбеде (Тәжікстан) өтетін Grand Slam турниріне қатысушылар тізіміне ендім. Қазір рейтингте 40-орындамын. Олимпиадаға жолдама алатын әлі де мүмкіндік бар сияқты. Алда соңғы үш жарыс қалды. Бұйырғанын көреміз», — деді Дидар Хамза.
Айта кетелік, Дидар Хамзаның ең үлкен жетістігі — 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының алтын медалі.