Алтыншы тур аясындағы ойында Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында алматылық «Қайратпен» ойнады. Бірінші тайм тартысты өтті. Ал екінші таймда қонақтар ойынды күшейтіп, басымдықты қолға алды. Командалар соңғы минуттарға дейін бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Бірақ Данил Устименко қателікке жол беріп, допты уысынан шығарып алды. Ал Айбар Жақсылықов өз мүмкіндігін тамаша пайдаланды. Қорытынды есеп қызылордалық команданың пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. Осылайша, «Қайрат» сегіз ұпаймен турнир кестесінің ортасында қалды. «Қайсар» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, төрт ұпаймен әлі де аутсайдерлердің қатарында.
Елордалық «Астана» ҚПЛ-2024 алтыншы турында «Тұранды» қабылдап, жеңіске жетті. Шымкентте өткен кездесу 2:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. 56-минутта Алекса Аманович пенальтиден астаналықтарды алға шығарса, соңғы есепті 64-минутта Усман Камара орнатты. Феди Селим Бен Чогу алаңнан қуылғаннан кейін бесінші минуттан бастап «Тұран» алаңда он ойыншымен қалды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін өткен үш кездесуде «Астана» екі рет жеңіліс тауып, бір рет тең түскен болатын. «Тұран» алты кездесудің төртеуінде жеңіліс тапты. Он ұпай жинаған «Астана» екінші орынға көтеріліп, қосымша көрсеткіштер бойынша «Ақтөбеден» бір саты төмен тұр. «Тұранның» қоржынында төрт ұпай бар және турнирлік кестеде 11-орынға жайғасты. Келесі турда елордалық клуб 4 мамырда сыртта «Ақтөбемен» ойнаса, сол күні «Тұран» сырт алаңда «Қызыл-Жармен» кездеседі.
Сонымен қатар ҚПЛ-2024 алтыншы турындағы ойында «Атырау» өз алаңында «Қызыл-Жарды» қабылдады. Мұнайшылар алаңында өткен кездесу 2:0 есебімен «Атыраудың» пайдасына аяқталды. Екінші таймда Николай Сигневич (51-минут) пен Якоб Новак (53-минут) гол соқты. «Атырау» үшін бұл ҚПЛ-2024 турниріндегі алғашқы жеңіс. Бұған дейін мұнайшылар төрт рет жеңіліс тауып, бір рет тең түскен.