Қазақстанның үздік теннисшісі Александр Бублик Мадридте (Испания) өтіп жатқан ATP 1000 — Mutua Madrid Open турнирінде үшінші айналымда өнер көрсетті. Оның қарсыласы 21 жасар талантты америкалық Бен Шелтон болды.
Бірінші партияда Шелтон 2:0 есебімен алға шығып, сол басымдылығын сақтап қалды — 6:3. Әлдеқайда тартысты өрбіген екінші сет тай-брейкке ұласып, онда Бублик бет қаратпады -7:6 (7:2). Үшінші, шешуші партияда есеп 1:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ — 6:4.
Бублик соңғы үш жылда алғаш рет Мадридтегі турнирдің төртінші айналымына шықты. Ол сонымен қатар осы маусымда топырақ төсенішті кортта Шелтонды жеңген алғашқы ойыншы.
1/8 финалда еліміздің бірінші ракеткасы Даниил Медведевпен сынға түседі. Айта кетейік, ресейлік теннисші үшінші айналымда америкалық Себастьян Кордамен кездесті. Бірінші сетте америкалық мықтырақ болды – 7:5. Екінші ойында Медведев есе қайырды – 7:6 (4). Шешуші сет те 6:3 есебімен ресейлік теннисшінің жеңісімен аяқталды. Кездесу екі сағат 25 минутқа созылды.
1/8 финал бүгін, 30 сәуір елорда уақытымен 14:00-де Мадридте М. Сантана атындағы кортта өтеді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 7 877 020 еуроны құрайды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,22%-ға көп. Ерлер мен әйелдер санаттарында жеңімпаздар 1000 рейтингтік ұпаймен қатар 963 225 еуро көлемінде бірдей сомманы алады. Былтыр турнир жеңімпаздары Карлос Алькарас пен Арина Соболенко аталмыш соммадан 12,85%-ға аз сыйақы алған болатын.