Мадридте (Испания) WTA-1000 санатындағы турнирде 1/4 финалдық кездесу өтті. Онда екі қазақстандық теннисші — әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина мен әлемнің 50-ші ракеткасы Юлия Путинцева өзара мықтыны анықтады.
Бірінші сетте Рыбакина 2:1 есебімен алға шықты. Бірақ Путинцева брейк жасап, жеңіске жетті (6:4). Екінші сет тағдыры тайбрейкте шешіліп, Рыбакина есепті теңестірді (7:4). Шешуші сет те Рыбакинаға (7:5) бұйырды. Ол есепті 2:1-ге жеткізді. Осылайша, Рыбакина Mutua Madrid Open турнирінің жартылай финалына шықты. Ол Мадрид турнирінің жартылай финалына дейін жеткен алғашқы қазақстандық теннисші екенін де айта кетейік.
«Бұл өте қиын матч болды. Мен оңай болмайтынын білдім. Жақсырақ бастаймын деп үміттендім… Есепті теңестіру оңай болған жоқ. Есеп 2-5 болғанда, мен эмоцияларыма және көңіл-күйіме қарамай ойынды жалғастырдым. Юлия аздап ашулана бастады. Кейбір қателіктері маған көмектесті. Мен жай ғана ойнай бердім. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын», — деді Рыбакина матчтан кейін корттағы сұхбатында.
Турнирдің финалына шығу үшін Рыбакина Мирра Андреева — Арина Соболенко кездесуінің жеңімпазымен ойнайды.
«Кім жеңетінін көреміз. Егер Арина жеңсе, онда ол керемет чемпион. Бұл әдеттегідей қиын жекпе-жек болады. Мирра болса, онда ол жас. Мұндай ойыншылар өте қауіпті. Мен матчты асыға күтемін және қайта қалпыма келе аламын деп үміттенемін», — деп қоса кетті Елена Рыбакина.