Қазақстан (U19) жастар құрамасының футболшысы Мұхаммед Еңсебаев испаниялық «Реал Вальядолидпен» ресми келісім-шартқа отырды. 18 жастағы Еңсебаев Испанияның төртінші дивизионында өнер көрсететін «Вальядолид Б» жастар құрамасында доп тебетін болды. Қазақстандық футболшы испаниялық клубтан сынақтан өтіп, енді үш маусымға ұзақ мерзімді келісім-шартқа отырды.
Аталмыш командада Еңсебаев орталық жартылай қорғаушы ретінде ойнайды. Transfermarkt порталы оның трансфер құнын 100 мың еуроға бағалап отыр.
Айта кетейік, «Вальядолидтің» тең иелерінің бірі «Барселона», «Реал Мадрид», «Интер», «Милан» және Бразилия құрамасының бұрынғы шабуылшысы — Роналду. «Вальядолидтің» негізгі командасы қазір Испанияның екінші дивизионында екінші орында және Ла Лигаға жолдама алу мүмкіндігі өте жоғары.
Еңсебаев Үржардың тумасы. Бұған дейін «Жас Қыран» және «Елімай» клубтарында өнер көрсеткен. Өткен маусымда ол бірінші лигада 16 матч өткізіп, «2+3» ұпай жинады.