10-12 мамыр аралығында өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam 2024 жарысына әлемнің үздіктері қатыспақ.
Бұл Париждегі Олимпиаданың соңғы іріктеу турнирі болады. Биыл Қазақстан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирін екінші рет өткізеді. Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) өткен жылғы жарыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Ал биыл жауапкершілік жүгі еселенді деп айта аламыз. Өйткені жазғы Олимпиада ойындары қарсаңындағы «Үлкен дулыға» турнирінің соңғы кезеңі Қазақстанда өтеді. Спортшылар рейтингтік ұпай жинап, Олимпиадаға лицензияны кім алатыны белгілі болады. Бұл өте маңызды оқиға.
Осы орайда Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы алда өтетін жарысқа байланысты пікір білдірді.
«Қазір біз бұл жарыстарды жоғары деңгейде өткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Біз де өз спортшыларымызға үлкен сенім артамыз», – деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев.
Жарыс қатысушыларының қатарында дзюдо спортының майталмандары Тедди Ринер (Франция) мен Баул Ан (Оңтүстік Корея), Олимпиада чемпиондары Акира Соне (Жапония), Рафаэля Сильва (Бразилия), әлем чемпиондары мен жүлдегерлері Криста Дегучи (Канада), Тсогтбаатар Цендочшир (Моңғолия), Джордж Фонсека (Португалия), Ван Т Енд Ноел (Нидерланды), Валид Кьяр (Франция), Тацуру Саито (Жапония), Grand Slam жеңімпаздары Достон Розиев (Өзбекстан), Элиос Манци (Италия), Барух Шмаилов (Израиль), Кубанычбек Айбекуулу (Қырғызстан) бар.
Әлемдік додада Қазақстан сапынан 53 спортшы бақ сынайды. Олимпиадалық рейтингте І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.