Екі жыл бұрын ҚФФ басшысы Әділет Барменқұлов Kaspi.kz негізін қалаушылар, акционерлері Вячеслва Ким және Михаил Ломтадземен кездесіп, әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындап шығаратын жүйені қалыптастыру үшін бірлескен инвестициялық жобалар тақырыбы талқыланған болатын.
Бүгінде қазақстандық инвесторлар жалпы сомасы 10 миллиард теңгені құрайтын қаржыны балаларға арналған футбол академиясын ашуға жұмсамақ.
ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов бұл жоба федерацияның балалар және жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламасымен мақсаты бір екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда елімізде 1 200 000 бала футболмен шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бойынша кешенді жұмыс істеп жатырмыз. U-15, U-14 және U-13 жастағы жас ойыншыларды дайындайтын УЕФА-ның дарынды балаларды дамыту жүйесін енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобаны іске асыру үшін тәжірибелі маман, ФИФА-да қызмет атқарға, Birmingham City академиясы мен әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеген, UEFA Pro лицензиясының иегері Стюарт Джон Холлды шақырдық.
Аңыз бапкер Арсен Венгер басқаратын ФИФА-ның High Performance департаментімен бірлесе отырып, U-15 ұлттық құрамасын құрып жатырмыз. ФИФА мен УЕФА-ның үздік мамандарының қатысуымен ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Футбол қауымдастығына Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе секілді инвесторлардың келіп жатқаны қуантады. Бұл жоба балалар мен жасөспірімдер футболының дамуына үлкен үлесін қосатынына сенімдімін», – деді Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, Михаил Ломтадзе Ағылшын футбол лигасының келісімінен соң «Уиком Уондерерс» футбол клубының серіктесі әрі директорлар кеңесінің мүшесі атанды. Осы футбол клубының базасында үш жыл ішінде Қазақстан мен Англияда филиалдары бар әлемдік деңгейдегі футбол академиясы құрылады.