Футболдан Шымкент қаласында ұйымдастырылған QFL Әйелдер кубогында «БИІК-Шымкент» клубы қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, топ жарды. Турнир 1-9 мамыр аралығында «Биік» спорт кешенінде өткен болатын. Жеңімпаз атағы үшін 4 өңірден 5 футбол клубы таласты: «БИІК-Шымкент», «Ордабасы» (екеуі де Шымкент қаласы), «Ақтөбе» (Ақтөбе қ.), «Оқжетпес» (Көкшетау қ.), «Томирис-Тұран» (Түркістан қ.).
«Осы жылы Әйелдер кубогы мен Әйелдер лигасын өткізу сапасын жоғарлатуды мақсат етіп, сол нәтижеге жетіп жатырмыз. Келесі жылы бізде бұдан да көп мүмкіндіктер болады. Чемпионатта 10-14 команда қатысқалы отыр. Бұл сапалы өнім жасауға және чемпионаттың қызықты өтуіне тікелей әсерін тигізеді», — деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Андрей Дудин жабылу салтанатында.
Турнир айналымдық жүйеде өтіп, футбол жанкүйерлері тартысты 10 матчқа куә болды. Жарыс нәтижесі бойынша елімізде ең көп жеңімпаз атанған «БИІК-Шымкент» тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді. Екінші орынды «Ақтөбе» алса, қола жүлде «Ордабасыға» бұйырды.
«Чемпиондар лигасындағыдай әсерді сезіндім. Кубокты ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін. Енді біз Әйелдер лигасына толықтай назарымызды аударуымыз қажет. Себебі, бірінші турда азулы «Ақтөбеге» қарсы ойнайтын боламыз», — деп «БИІК-Шымкент» клубының шабуылшысы Гүлнара Габелия өз пікірін білдірді.
Айта кетейік, 17 мамыр күні отандық 5 клуб Қазақстан чемпионы атағын сарапқа салу үшін жарысты бастайды.