Астанадағы «Үлкен дулыға» турнирі 10-12 мамыр аралығында өтеді. Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан намысын жеті салмақ дәрежесінде 28 дзюдошы қорғауда. Әйелдер құрамасында 25 спортшы жеті салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде.
60 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы белдесуінде Олимпиада жүлдегері Елдос Сметов португалиялық Родриго Лопеспен кездесті. Жекпе-жек иппон әдісін тамаша пайдаланған Сметовтың мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды. Ал 1/8 айналымда марокколық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ширек финалда Сметов ресейлік Рамазан Абдуллаевпен белдесті. Өкінішке қарай ширек финалда Абдуллаевқа қосымша уақытта есе жіберді. Осылайша, қазақстандық балуан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін алды.
Жұбаныш белдесуінде Елдос түркменстандық Айбек Өміровты «иппон» ұпайымен жеңді. Енді спортшымыз Grand Slam турнирінің қола жүлдесі үшін таласады.
Ал Қазақстан ерлер құрамасының өзге мүшелері турнирде толығымен жеңіліс тапты.
Қыздар арасында Grand Slam турнирінде қазақстандық Ғалия Тынбаева алтын медальға таласады. 48 келі салмақта белдескен Тынбаева жартылай финалда франциялық Шырын Буклиді «ваззари» ұпайымен жеңді. Осылайша, ол өз мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің финалына жолдама алып отыр.
Астанада Grand Slam 2024 жарысына әлемнің үздіктері қатысуда. Бұл Парижде өтетін Олимпиаданың соңғы іріктеу турнирі болады. Олимпиадалық рейтингте І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады. Биыл Қазақстан аталмыш турнирді екінші рет ұйымдастыруда.