Күрестен Қазақстанның соңғы үміті Олимпиада лицензиясын уысынан шығарып алды. Дінмұхаммед Қошқардың Ойындарға жолдама алу мүмкіндігі жоғары болды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы Олимпиада лицензиясын иелене алмады.
Грек-рим күресінен қазақстандық Дінмұхаммед Қошқар Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін лицензиялық турнирде шешуші белдесуде жеңіліп қалды. Ол Олимпиаданың тағы бір қола жүлдегері мысырлық Мохамед Ибрахим Эль-Саидтке есе жіберді. Осылайша, қазақстандық спортшылардан Олимпиадада төрт грек-рим, үш еркін күрес балуаны бақ сынамақ.
Олимпиадаға лицензия алған балуандарының тізімі:
Грек-рим күресі
- Айдос Сұлтанғали (60 келі);
- Демеу Жадраев (77 келі);
- Нұрсылтан Тұрсынов (87 келі);
- Әлімхан Сыздықов (130 келі)
Еркін күрес
- Азамат Дәулетбеков (86 келі);
- Әлішер Ерғали (97 келі);
- Юсуп Батырмырзаев (125 келі).
Айта кетейік, Парижде (Франция) өтетін Олимпиада ойындарына тарихта алғаш рет әйелдер құрамасы қатыспайды. Стамбулдағы іріктеу турнирінде 53 келідегі Марина Седнева екінші айналымда польшалық қарсыласына 0:9 есебімен жол берді. 57 келідегі Лаура Алмағанбетова 1/8 айналымда түркиялық Эльвира Камалоғлыдан 2:4 есебімен жеңілді. 62 келідегі Ирина Кузнецова мексикалық қарсыласынан 8:13 есебімен жеңіліс тапты. 68 келідегі Елена Шалыгина румыниялық спортшыдан 1:9 есебімен ұтылды. Ал 76 келідегі Эльмира Сыздықова бірінші айналымда эстониялық балуанға 1:2 есебімен есе жіберді.