Молдова астанасы Кишиневте «6х6» жүйесінде шағын футболдан «Socca EuroCup» халықаралық турнирі өтті.
Қазақстандық футболшылар финалда Хорватия құрамасын 3:0 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионы атағын қорғап қалды. Финалда Абай Елемесов, Бекруз Пишкар мен Талғат Өтепбергенов гол соқты.
Бұған дейін Қазақстан намысын қорғаған ATRIUM командасы өз тобында Италия (3:0), Кипр (5:1), Бельгия (9:2) және Оман (3:2) ұжымдарын жеңді. 1/8 финалда Испанияны (2:1) ұтып, артынша Германиядан (1:1, бул. 2:1) басым түсті. Ал финал жолдамасы үшін матчта Оманмен екінші мәрте кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, соккадан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионы титулын қорғап қалды. Былтыр біздің жігіттер финалда Румыниядан басым түскен еді.
Айта кетейік, сокка – «6х6» жүйесіндегі әуесқойлар арасындағы кіші футболдың түрі.