Astana Qazaqstan Development Team командасының шабандоздары Ильхан Достиев пен Макс Уолкер халықаралық жарыстарда тамаша нәтиже көрсетті. Ильхан Достиев Польшада өткен Орлен Гран-при ұлттар жарысының финалдық кезеңінде үздік нәтиже көрсетті. Өткен аптаның басында ол үшінші кезеңде екінші орын иеленіп, жеңіске жеңіске біртабан жақын болды. Дегенмен Ильхан жарысты сәтті аяқтап, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады.
«Бүгін жарыстың соңғы кезеңі болды. Сондықтан бар күшімді салғым келді. Тапсырма соңғы тауда шабуыл жасау болды. Біз ол тапсырманы орындадық. Кезең басында бұл өте қиын болды. Шынымды айтсам, бүгін жеңіске жетеміз деп ойламадым. Бірақ жігіттер тамаша жұмыс жасады. Олар мені жарыс басталмай тұрып дұрыс позицияға шығарды. Командаластарымның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар бүгін барлық негізгі жұмысты атқарды», — деді Ильхан Достиев.
Тағы бір жақсы жаңалық «Жапония турынан» келді. Онда Макс Уолкер жеңіске жетті. «Жапония туры» Сакаидағы 2,6 шақырымдық прологпен басталды. Макс Уолкер 3 минут 8 секундта мәреге жетіп, басты бәсекелесінен 8 секунд алға озды.
«Жарысты прологтағы жеңіспен бастап, жалпы есепте шамалы басымдыққа ие болғанымыз жақсы. Бізде мықты команда бар және бұл жеңіс бізге қосымша сенімділік береді. Мен қазіргі бабыма ризамын және жарыстың алдағы кезеңдерін асыға күтемін», — деді Макс Уолкер.
Айта кетейік, британиялық шабандоз Макс Уолкер 2024 жылғы маусымда Astana Qazaqstan Development Team құрлықтық командасына қосылды.