Қазақстандық былғары қолғап шебері Назым Қызайбай Бангкокта (Тайланд) өтіп жатқан Олимпиада лицензиясына соңғы іріктеу турнирінде алғашқы жекпе-жегін өткізді.
Бірінші айналымда 50 келі салмақта сынға түскен Назым Қызайбай рингте словакиялық Николь Дуриковамен кездесті. Екінші раундта Қызайбай қарсыласын нокдаунға жіберді. Осыдан кейін көп ұзамай төреші жекпе-жекті тоқтатып, қазақстандық боксшыны жеңімпаз деп жариялады. Осылайша Назым Париж Олимпиадасының жолдамасы үшін күресін жалғастырса, Дурикова Олимпиадаға қатысу мүмкіндігінен айырылды.
Бұл Назымның Париж Олимпиадасының жолдамасына таласып жатқан екінші мүмкіндігі. Бұған дейін ол 2023 жылы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында лицензияға бір ғана қадам қалғанда жарыс жолынан шығып қалды.
Айта кетейік, Назым Қызайбай екі дүркін әлем чемпионы және 2021 жылғы Азия чемпионы, сонымен қатар бірнеше рет Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен.
2 маусымға дейін жалғасатын Бангкоктағы турнирге Назым Қызайбайдан басқа Қазақстанның тағы бес өкілі аттанды: ерлер арасынан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) және әйелдер құрамасынан Ұлжан Сәрсенбек (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі).