Astana Qazaqstan Development Team шабандозы Макс Уолкер «Жапония турының» жетінші кезеңінде жеңіске жетті.
Сагамихара қаласында өткен «Жапония турының» соңғы жетінші кезеңінің жарыс жолы 107 шақырымды құрады. Осы аптаның басында өткен прологты жеңіп алған Макс Уолкер тағы да жеңіс тойын тойлады.
«Кезең өте жылдам басталды. Шабуылдар көп болды. Команда тамаша жұмыс жасады және жарыс бойы барлық қауіпті шабуылдарға қатысты. Мәреге 20 шақырымдай қалғанда көшбасшы топтың басымдығы бар-жоғы он секундтай ғана болды. Сондықтан асу жолына жеткенде шабуыл жасауға бел байладым. Содан кейін алты-жеті шабандоздан тұратын топтың ішінде болдым, олармен тағы да шабуыл жасамас бұрын екі шақырымдай жол жүріп, топты үш адамға дейін қысқарттым. Соңғы айналымда үшеуміз бірге жақсы жұмыс істедік және мәреге жақындағанда спринтті бастап кеттім. «Жапония турындағы» екінші жеңісіме және команда үшінші жеңіске қол жеткізгеніне өте қуаныштымын. Апта бойы біздің шабандоздар мен қызметкерлердің қолдауы тамаша болды», — деді Макс Уолкер.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осы жарыста велошабандоз Александр Винокуровтың ұлы Николя Винокуров та жеңіске жеткен болатын. Ол 5-кезеңде мәре сызығын бірінші болып кесті.