Чехияда шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтуде. Бірінші жартылай финалда Швеция Чехиядан 3:7 есебімен жеңіліп қалды. Шведтер кездесудің фавориттері саналып, бірінші кезеңде 1:0, 2:1 есебімен алға шыққанымен, кейін ойын өрнегі мүлде басқаша өрбіді. Чехия құрамасы басымдықты қолға алып, ірі есеппен жеңіске жетті. Жеңімпаз команда сапынан Доминик Кубалик (8-минут, 30-минут) пен Лукаш Седлак (46-минут, 54-минут) дубль жасаса, Давид Кампф (10-минут), Онджей Каше (27-яминут) және Мартин Нечас (27-минут) бір-бір голдан соқты.
Екінші жартылай финалда Канада Швейцариядан ұтылды. Негізгі уақыт 2:2 есебімен аяқталды. Овертаймда да мықтылар анықталмады. Бірақ швейцариялықтар буллитті жақсырақ орындады – 2:1. Осылайша үшінші орын үшін матчта Швеция мен Канада кездесе, финалда Швейцария мен Чехия өнер көрсетеді.
Айта кетейік, шайбалы хоккейден 2024 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең көп жанкүйер жиналған чемпионат болды. Рекорд жартылай финалдық кездесулердің қорытындысы бойынша мерзімінен бұрын орнатылды. Allhockey.ru сайтының мәліметі бойынша, қазіргі уақытта турнирге жалпы келушілер саны 765 385 көрерменді құрады (әр матчқа орта есеппен 12 345).
Турнир Прагада (арена сыйымдылығы – 17 413 көрермен) және Остравада (9 109) өтуде. Шешуші матчтарды Чехия астанасы қабылдайды. Екі ойын да бүгін, 26 мамырда өтеді. Финалдық матч елорда уақыты бойынша 23:20-ға жоспарланған.
Әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы да қатысқан болатын. Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері жүлдегерлер қатарына іліге алмағанымен, элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалды.