Ертең, 28 мамырда Бангкок қаласында (Таиланд) Парижде өтетін Олимпиада ойындарына бокстан соңғы іріктеу турнирі аясында жекпе-жектер жалғасады.
28 мамырда шамамен сағат 11:45-те түрік боксшысы Мизан Айколмен кездесетін 63,5 келідегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы лицензиялық турнирдегі екінші жекпе-жегін өткізеді. Кешкі сессияда 16:45-те 54 келідегі Ұлжан Сәрсенбек америкалық Шэрой Мэй Патрисиомен сынға түседі
Бұған дейін Римма Волосенко (60 келіге дейін), Валентина Хальзова (75 келіге дейін) және Назым Қызайбай (50 келіге дейін) келесі кезеңге өткен болатын.
Назым Қызайбай екінші айналымда Бангкоктағы турнирдің бірінші нөмірлі боксшысы болып тіркелген Джун Джу Хёнмен жұдырықтасуы керек. Оңтүстіккореялық боксшы Италияда өткен Олимпиада ойындарының бірінші іріктеу турнирінде тағы бір қазақстандық былғары қолғап шебері – Алуа Балқыбековаға есе жіберген болатын.
Валентина Хальзова бүгін алғашқы жекпе-жегінде (75 келі) украиналық Каролина Махнодан 5:0 есебімен басым түсті. Оның келесі қарсыласы моңғолиялық боксшы Эденетуя Энхбаатар. Жекпе-жек 1-маусымға жоспарланған.
Соңғы квотаны Наталья Богданова (66 келіге дейін) сарапқа салады. Ол қазір Сербия атынан қатысып жатқан бұрынғы ресейлік Кристина Кулуховамен кездеседі. Бұл қиын жекпе-жек болады. Өйткені Кулухова жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионы.
Сонымен қатар Венгрияның атынан шыққан қазақстандық боксшысы Владислава Кухта да Бангкоктағы (Таиланд) лицензиялық Олимпиада турнирінде алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/16 финалда Кухта жастар арасындағы 2020 жылғы Еуропа чемпионы, румыниялық Лоредано Маринмен кездесіп, қарсыласын тізе бүктірді. Осылайша Кухта 1/8 финалға шығып, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамасы үшін күресті жалғастыруда.
Ол 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетті. Алайда Владислава биыл азаматтығын ауыстырды. Қазіргі таңда ол қыздар арасында Венгрия құрамасының бірінші нөмірлі боксшысы.
Айта кетейік, бокстан Олимпиада лицензияларының иегерлері 2 маусымда белгілі болады.