Танымал америкалық журналист Дэн Рафаэль WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі туралы ақпаратпен бөлісті.
13 шілдеде Лас-Вегаста Әлімханұлы IBF тұжырымының міндетті қарсыласы, жаңа зеландиялық Андрей Михайловичке қарсы жекпе-жекте чемпиондық атағын қорғайды деп күтілуде.
«Top Rank Жәнібек Әлімханұлының 13 шілдеде Лас-Вегаста Андрей Михайловичке қарсы орта салмақтағы әлем чемпионы атағын қорғайтынын жаңа ғана мәлімдеп, екі апта бұрын қойын дәптеріме жазғанымды растады», — деп жазды журналист X әлеуметтік желісінде.
Жәнібек соңғы рет өткен жылдың қазан айында АҚШ-та неміс Винченцо Гуальтиеримен (21-1-1, 7 КО) жұдырықтасты. Ол жекпе-жекті мерзімінен бұрын алтыншы раундта аяқтап, одан IBF титулын тартып алған болатын.
Ал Михайлович сәуір айында Аустралияда жергілікті боксшы Лес Шеррингтонды (39-18, 23 КО) бірінші раундта нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.