Бүгін, 31 мамырда футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Еуро-2025 іріктеу кезеңі аясында Арменияға қарсы ойын өткізді.
Кездесу Армавирде өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Жеңімпаз команда сапынан Анна Даллакян (13-минут) пен Марал Артин (49-шы, пенальтиден) гол соқты. Қазақстандықтардан Камила Құлмағамбетова 70-минутта бір гол соқты. Бұл Қазақстан әйелдер құрамасының іріктеу турниріндегі алғашқы голы. Командалар арасындағы қарымта матч 4 маусымда Алматыда өтеді.
Сондай-ақ Қазақстандық төрешілер әйелдер арасындағы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде қызмет етеді.
Эльвира Нұрмұстафина бастаған төрешілер бригадасы Сербия мен Словакия құрамалары арасындағы ойынға тағайындалды. Оған Наргис Мағау мен Мәдина Алмасқызы көмек береді. Матч бүгін, 31 мамыр күні сағат 21:00-де Белград қаласында өтеді.
Сондай-ақ, Эстония және Албания кездесуінің бас төрешісі болып Татьяна Сорокопудова тағайындалды. Оған Динара Ыдрысова және Латвиядан келген Лига Дидрике ассистент болады. Матч 31 мамырда, Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де, Эстония астанасы Таллинде жоспарланған.