Алматыда өткен С4 тобындағы кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Қазақстандық қыздар 28-минутта Александра Бурованың күшімен есеп ашты. 35-минутта Аида Гайстенова есепті еселей түсті.
Армения құрамасы 39-минутта Марал Артин голынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Екінші таймда команда капитаны Бибігүл Нурушева (57-минут) қонақтар қақпасына үшінші голды соқса, қорытынды есепті бір минуттан кейін Әселхан Тұрлыбекова белгіледі.
Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасының еуропалық іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісі.
Бұған дейін Мадияр Кембілов шәкірттері қатарынан үш рет жеңіліс тапқан болатын: Болгариядан өз алаңында 0:1, Румыниядан сырт алаңда — 0:1 және Армениямен сырт алаңда — 1:2. Қазақстандық команда келесі кездесуін 12 шілдеде өз алаңында Румынияға қарсы өткізсе, 16-шілде сыртта Болгарияға қарсы ойнайды.