Мадридтік «Реалдың» жаңа ойыншысы, француз шабуылшысы Килиан Мбаппенің қай нөмірде өнер көрсететіні белгілі болды.
Журналист және инсайдер Фабрицио Романоның айтуынша, Мбаппе корольдік клубта тоғызыншы нөмірмен ойнайды. Айта кетейік, француз футболшысы «Реал Мадридтен» алдағы маусымда оныншы нөмірді беруді сұрамаған. Килиан клубпен келесі маусымға келісім-шартын ұзартқан, аты аңызға айналған Лука Модричті құрметтейді.
Кезінде Альфредо ди Стефано мен Сантильяна, Уго Санчес, Иван Саморано, Роналдо Назарио, Морьентес, тіпті Криштиану Роналду сияқты аңыздар Реалда «тоғызыншы» нөмірмен ойнаған. Ал соңғы болып тоғызыншы нөмірлі жейдені Карим Бензема киген болатын.
Айта кетейік, соңғы жылдары Мбаппе «Пари Сен-Жермен» сапында жетінші, ал Франция құрамасында оныншы нөмірмен ойнаған.
3 маусымда «Реал Мадрид» Мбаппемен 2029 жылға дейін келісім-шарт жасағанын жариялады. Шабуылшы Мадрид клубына еркін агент ретінде ауысты.
2017 жылдан бері Килиан ПСЖ сапында ойнады, онда алты рет Лига 1, төрт рет Франция кубогын, үш рет Франция суперкубогын және екі рет Франция лигасының кубогын жеңіп алды.
Париждіктермен жеті жылда Мбаппе 308 матчта 256 гол соғып, 108 нәтижелі пас берген клуб тарихындағы ең үздік бомбардир атанды. Ал оған дейін француз «Монако» сапында ойнап, Франция чемпионатын жеңіп алған.