Бұл Елдос Сметовтың спорттық мансабындағы үшінші Олимпиада ойындары болмақ.
Қазақстан дзюдо федерациясының ұйымдастыруымен Алматыда Елдос Сметов, Мағжан Шамшадин және Нұрқанат Серікбаевтың қатысуымен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде іріктеу турнирі өтті.
Іріктеу белдесулері жабық форматта өткендіктен, көрермендер болмады. Шараға тек ұйымдастырушы топ, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен федерация өкілдері, Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының жаттықтырушылары мен іріктеуге қатысқан спортшылардың бапкерлері және спортшылардың спарринг-жұптары жіберілді.
Алдымен татамиге Елдос Сметов пен Мағжан Шамшадин шықты. 10 минут 22 секундқа жалғасқан белдесуде Сметов жеңіске жетті. Содан кейін Нұрқанат Серікбаев пен Мағжан Шамшадин арасындағы жекпе-жектің куәсі болдық. Бұл жолы Серікбаев Waza-Ari әдісін пайдаланып, келесі кезеңге өтті. Ал шешуші белдесуде Елдос пен Нұрқанат өзара мықтыны анықтап, нәтижесінде Елдос Париж Олимпиадасының жоолдамасын қанжығасына байлады.
Айта кетейік, Сметов Олимпиада ойындарында ел намысын үшінші рет қорғамақ. Бұған дейін Рио-2016 Олимпиадасында күміс, Токио-2020 Олимпиадасында қола жүлде иеленген болатын.