Алматыда тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатында ерлер арасында (элита) жекелей уақыт бойынша жарыс аяқталды.
Велододаға 18 елден 19 шабандоз жарыс жолына шықты. Олардың арасында екі қазақстандық – Дмитрий Груздев пен Евгений Федоров болды. Спортшылар 40 шақырымды бағындырып, Федоров Азия чемпионы атанды. Оның уақыт көрсеткіші — 49 минут 46 секунд. Груздев 50 минут 20 секундта мәреге жетіп, күміс медаль иеленді. Жапониялық Якуро Арасиро үшінші орынға ие болды. Ол жарыс жолын 51 минут 46 секундта бағындырды.
«Маған таныс жолдар мені жерге қаратқан жоқ. Жеңісімді Қазақстанға және ұлттық құрамадағы жігіттерге арнаймын. Енді 12 маусымда өтетін топтық жарысқа дайындаламыз», — деді Чемпионаттың алтын жүлдегері Евгений Федоров марапаттау рәсімінен кейін.
Айта кетейік, жарыс бағдарламасы бойынша элита, андерлер, жасөспірімдер, жасөспірім қыздар және пара-спортшылар сынға түсіп, 29 медаль жиынтығы срапқа салынуда. Оңтүстік астанада 2 маусым басталған чемпионат 12-маусымға дейін жалғасады.