9 маусым күні Париж корттарында теннистен Франция ашық чемпионаты аяқталды. 21 жастағы Карлос Алькарас мансабында алғаш рет «Ролан Гарроста» жеңімпаз атанып, «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі жеңістерінің санын үшке дейін жеткізді. Бұған дейін ол US OPEN 2022 және Уимблдон 2023 турнирлерінде чемпион атанды.
Финалдық кездесуде 21 жастағы Алькарас неміс теннисшісі Александр Зверевпен кездесті. Тартысқа толы матч бес сеттен кейін 3:6, 6:2, 7:5, 1:6, 6:2 есебімен испаниялықтың жеңісімен аяқталды. Кездесу төрт сағат 19 минутқа созылды.
2023 жылы аталмыш жарыста Новак Джокович Париж корттарында жеңіс тойын тойлаған болатын. Ал биыл 37 жастағы сербиялық теннисші жарақатынан кейін ширек финалда жарысты жалғастырудан бас тартты.
Айта кетейік, қазіргі таңда турнирдің барлық санаттары бойынша чемпиондар белгілі болды. Жұптық сайыста Коко Гауфф (АҚШ) пен Катерина Синякова (Чехия) финалда италиялық Сара Эррани мен Жасмин Паолиниді 7:6 (5), 6:3 есебімен жеңді. Ал әйелдер арасындағы жекелей сында әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек жеңіске жеткен болатын.
Сондай-ақ ерлер арасында Марсело Аревало (Сальвадор) мен Мате Павич (Хорватия) жұптық сайыста Италия өкілдері Симоне Болелли мен Андреа Вавассориді 7:5, 6:3 есебімен ұтып, Ролан Гаррос-2024 турнирінің чемпиондары атанды. Осылайша жүлде қоры 53 478 000 еуроны құрайтын Франция ашық чемпионаты осы маусымда шымылдығын жауып, эстафетаны Уимблдонға табыстады.