Таяуда Елена Рыбакина «Ролан Гарростағы» өнерін аяқтады. Бірақ қазақстандық теннисші Парижбен (Франция) аз уақытқа ғана қош айтысады. Өйткені бір жарым айдан кейін Олимпиада ойындарының теннис турнирі дәл сол корттарда өтеді. Ал біз 2024 жылғы Олимпиадаға дайындық аясында Қазақстанның бірінші ракеткасының алдағы жоспарлары туралы баяндайық.
Рыбакина Ролан Гарростағы көрсеткішін жақсарта алмады. Ол қатарынан үш жыл 1/4 финалда сүрінді. Дегенмен, 2022 және 2023 жылдарға қарағанда жақсы өнер көрсетті. Уақыт тығыз. Өйткені Еленаны алдағы айларда тағы екі маңызды дода — Уимблдон мен Олимпиада ойындары күтіп тұр.
24 жастағы қазақстандық теннисшінің күнтізбесіндегі келесі турнир — 17-23 маусым аралығында Берлинде (Германия) өтетін WTA 500 Berlin Ladies Open. Өткен жылы Германия астанасында екінші айналымда отандасымыз хорватиялық Донна Векичтен үш сетте жеңіліп қалған. Рыбакина биыл бұл турнирде 55 ұпайын қорғауы керек.
Одан кейін 24-29 маусым аралығында Истборн қаласында (Ұлыбритания) жарыстар өтеді. WTA 500 — Rothesay халықаралық турнирі Уимблдон алдындағы соңғы турнир болмақ.
Өткен жылы да Рыбакина Истборнда ойнауды жоспарлаған, бірақ вирустың салдарынан жарыстың басталуына аз уақыт қалғанда қатысудан бас тартты. Ол 2021 және 2022 жылдары осы турнирдің негізгі кезеңіне қатысты. 2021 жылы жартылай финалға дейін жетіп, латвиялық Анастасия Севастовадан ұтылып қалды. Биыл бұл жарыста Рыбакина ұпай қорғамайды. Себебі өткен жылы Қазақстанның үздік теннисшісі мұнда өнер көрсеткен жоқ.
Ал 1 шілдеде Лондонда (Ұлыбритания) Уимблдон басталады. Аталмыш жарыста Рыбакина 2022 жылы жеңіске жеткен болатын. Ол осы турнирдің негізгі кезеңіне төртінші рет қатысады. Өткен жылы ол ширек финалда тунистік Онс Джабурдан ұтылып қалды. Осы маусымдағы үшінші «Үлкен дулыға» турнирінде Елена 430 ұпайын қорғауы керек.
Уимблдон аяқталған соң Олимпиадаға дейін екі апта уақыт қалады. Уимблдоннан кейін Рыбакина WTA 250 турнирлерінің біріне қатысуы мүмкін. Өйткені Олимпиада дәл сондай корттарда ұйымдастырылады. Мысалы, 21-26 шілде аралығында Прагада (Чехия) Livesport Prague Open өтеді.
Айта кетейік, теннистен Олимпиадада Қазақстан намысын жекелей сында үш спортшы – әйелдер арасында Рыбакина мен Юлия Путинцева, сондай-ақ ерлер арасында Александр Бублик қорғайды.