Азия чемпионатының соңғы жарыс күні ерлер арасында топтық сайыс өтті. Жарыс жолына 20 елден келген 73 спортшы шықты. Қазақстан құрамасынан Евгений Федоров, Игорь Чжан, Дмитрий Груздев және Евгений Гидич сынға түсті.
Кореялық Эйро Ким 151 шақырымдық қашықтықта ең үздік нәтиже көрсетті. Ол мәре сызығын 3 сағат 21 минут 46 секунд кесті. Күміс жүлде қытайлық Сянджин Люға, қола медаль Евгений Федоровқа бұйырды.
Жарыс аяқталған соң Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов чемпионатты қорытындылап, жас спортшыларға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыратынын мәлімдеді.
«Алматыда өткен велоспорттан бірінші Азия чемпионатының сәтті аяқталғанын мақтанышпен хабарлаймын. Бұл ауқымды шара тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл құрлықтың велоқоғамдастығы үшін маңызды оқиға болды. Еліміздің спортшылары шеберлік пен табандылықтың ең жоғары деңгейін тағы да көрсетіп, чемпионатта 21 медаль жеңіп алды, оның 8-і алтын.
Мұндай ауқымды шаралардың салауатты өмір салтын дамыту және насихаттау үшін орасан зор үлесі бар. Осы спорт түрін жастар арасында дамытудың маңыздылығын ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі жастар бағдарламасына салынған инвестицияның барлығы да еліміздің болашағы үшін.
Бүгін біз жас таланттардың халықаралық аренада өзін қалай танытып жатқанына куә болдық. Біз Қазақстан велоспорт федерациясы ретінде спорттық инфрақұрылымды дамытып, жас спортшыларға қолдау көрсетуді одан әрі жалғастырамыз.
Дүбірлі додаға шетелден келген спортшылар мен қонақтарға ерекше алғысымды білдіремін. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы тамаша спорттың болашағы үшін берік негіз жасап, мемлекеттер мен спорт қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтып жатқанымызды атап өткім келеді», — деді Райымбек Баталов.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 21 медаль иеленіп, жалпы есепте көш бастады. Қытайлық Тайпэй 2 алтын 1 қола медальмен екінші сатыға жайғасса, 2 алтын медаль иеленген Кореялық шабандоздар үздік үштікті түйіндеді.