Оразов трансферлік келісім аясында Дания чемпионатына аттанады.
«Ақтөбе» футбол клубы жартылай қорғаушы Рамазан Оразовтың даниялық «Силькеборг» клубына ауысқанын ресми түрде хабарлады. 26 жастағы ойыншы 2021 жылы «Ақтөбе» сапын толықтырып, 2022 жылы ақ-қызылдармен бірге Қазақстанның күміс жүлдегері атанған болатын. Біздің клуб сапында жүріп, Оразов ұлттық құрамада дебют жасады.
Биылғы маусымның алдында Оразов «Ақтөбеге» қайта оралып, команданың бірінші орынға көтерілуіне өз үлесін қосты. Оразов клуб құрамында барлық турнирлерде жалпы саны 49 матч өткізіп, 2 нәтижелі пас берді.
Рамазан жаңа клубына 26 маусым күні жазғы трансферлік терезе ашылған соң ғана ауысады. Оған дейін ойыншы “Ақтөбе” сапындағы барлық матчтарға қатысып үлгереді деп күтіліп отыр.