Асу Алмабаев (20-2) Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өткен турнир аясында UFC-дегі үшінші жекпе-жегін өткізді. Оның қарсыласы америкалық Хосе Джонсон (16-9) болды. Жекпе-жек барысында Алмабаев мерзімінен бұрын жеңіске жететін сияқты болып көрінді. Бірақ, үш раундқа дейін созылды.
Кездесу басталғанда Джонсон Асумен салыстырғанда бойының биіктігін пайдаланып, алыс қашықтықта жұмыс істеді. Қазақстандықтың бойы 162 сантиметр, Хосе Джонсонның бойы 182 сантиметр екенін айта кетейік. Алғашқы раундтың аяқталуына бір минут қалғанда Асу қылқындыру әдісін қолданып көрді. Дегенмен қарсылас берілмеді. Екінші бес минуттық кезеңнің соңында Асу қарсыласына шабуыл жасады. Содан кейін Хосенің белсенділігі айтарлықтай төмендеді. Нәтижесінде Асу төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Қазақстандық үшін бұл UFC турнирінің негізгі кардында алғашқы өнер көрсетуі болды.
Айта кетейік, Алмабаев өткен жылы тамызда әлемнің ең үздік лигасында дебют жасады. Содан бері ол екі жеңіске қол жеткізді — ямайкалық Оде Осборнды тұншықтыру әдісі бойынша (12-7-0-1) және америкалық Си Джей Вергараны (12-5-1) төрешілердің шығарған шешімімен жеңді.
Асу (20-2) UFC турниріндегі үшінші жекпе-жегі аяқталған соң сұхбат барысында келесі қарсыласының есімін атады. Ол жеңіл салмақта UFC рейтингінде төртінші орында тұрған жаңазеландиялық файтер Кай Кара-Франсқа үндеу тастады.