Аустрияға қарсы ойында Килиан 85-минутта Кевин Данзомен соқтығысқаннан кейін алаңнан кетті. Матч аяқталған соң ол жедел жәрдеммен Дюссельдорф қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Жақын арада ота жасау туралы шешім қабылданады.
L’Equipe басылымының хабарлауынша, Мбаппенің мұрны сынған. Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам мұны жағымсыз сәт деп атады.
«Шамасы, иә, Мбаппеге ота жасау қажет болады. Көреміз. Бұл жай ғана мұрын болса да, біз үшін өте жағымсыз жәйт»- деді Франция құрамасының бас бапкері.
Айта кетейік, D тобындағы бірінші турдың ойыны Дюссельдорф қаласында өтіп, 1:0 есебімен аяқталды. Францияға жеңісті «Лидстің» қорғаушысы Максимилиан Вебердің автоголы сыйлады.
Килиан Мбаппе матчты аяқтай алмады. Кевин Данзоның иығына соқтығысқаннан кейін Мбаппенің мұрнынан қан кетіп, медицина қызметкерлерінің көмегімен алаңнан кетіп қалды. Бірақ, кейін төрешінің рұқсатынсыз кері қайтып, алаңға жайғасты. Төреші Мбаппеге сары қағаз көрсетіп, ақыры оны Оливье Жиру алмастырды.
Бұған дейін D тобында Нидерланды Польшаны жеңген болатын. 21 маусымда екінші турдың матчтары өтеді: Аустрия – Польша (21:00 басталуы) және Нидерланды – Франция (23:50).