Бирмингемде (Ұлыбритания) шөп төсенішті корттарда өтіп жатқан Birmingham classic WTA 250 турнирде 1/4 финалдық кездесуде әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева америкалық Кэролайн Доулхайдты 6:3, 6:7 (2:7), 6:1 есебімен ұтты.
Бірінші сет қазақстандық теннисшінің еншісінде – 6:3. Екінші сетте Путинцева 5:3 есебімен алға шықты. бірақ кейін тайбрейкте жеңіліп қалды — 6:7 (2). Үшінші сетте Юлия қайта басымдықты қолға алып, сенімді жеңіске жетті – 6:1. Теннисшілер кортта 2 сағат 13 минут уақыт өткізді. Қазақстандық 2 эйс жасап, 2 қосарлы қателік, америкалық 4 қосарлы қателік жіберді.
Жартылай финалда Юлия италиялық Элизабетт Коччареттомен кездеседі. Ойын ертең, 22 маусымда Бирмингемдегі орталық кортта өтеді.
Сонымен қатар Елена Рыбакина Берлинде өтіп жатқан WTA 500 турнирінде өнер көрсетіп жатқан. Өкінішке қарай ¼ финалда қазақстандық теннисші Виктория Азаренкоға қарсы ойынды жалғастырудан бас тартты. Кездесу 28 минутқа созылып, Рыбакина денсаулығына байланысты одан әрі матчты жалғастыра алмады. Ол кезде есеп Беларусь теннисшісінің пайдасына 3:1 болған еді. Келесі кезеңде Азаренко Соболенко-Калинская арасындағы кездесудің жеңімпазымен сынға түседі.