Футболдан Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду Еуро-2024 топтық кезеңінің үшінші айналымында Грузия құрамасына қарсы ойында өзін басқа ойыншыға алмастырғанына көңілі толмады.
Роналду ойынның 66-минутында алаңнан кетті. Бұл кезде Грузия құрамасы 2:0 есебімен алда келе жатса, португалиялық футболшы нәтижелі әрекеттерімен көзге түсе алмады. Алаңнан шығып бара жатып, Криштиану бар күшімен су бөтелкесін теуіп жіберді. Ойыннан кейін ол Грузия құрамасының ойыншыларымен жанжалдасып қалды.
Роналдудың ренішін түсінуге болады. Форвард мансабында алғаш рет ұлттық құрама сапында Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде гол соға алмады. Еуро-2024-тегі үш ойында ол бір ғана нәтижелі пас берді.
Роналду Португалия қатысқан алдыңғы он ірі турнирдің топтық кезеңдерінде гол соққан: 2004, 2008, 2012, 2016 және 2021 жылдардағы Еуропа чемпионаттары және 2006, 2010, 2014, 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаты.
Айта кетейік, F тобындағы Грузия-Португалия құрамаларының ойыны Гельзенкирхен қаласындағы (Германия) «Фелтинс Арена» cтадионында өтті. Бұл матчта Грузия құрамасы Роналду бастаған Португалияны 2:0 есебімен жеңіп, Еуропа чемпионатындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша Грузия F тобында 4 ұпай жинап, 3-орынға табан тіреді. Десе де бұл нәтиже келесі кезеңге өту үшін жетеді. Еуропа чемпионатына алғаш қатысып жатқан Грузия 1/8 финалда Испания құрамасына қарсы ойнайды.
Португалия құрамасы алты ұпай жинап, командаға бірінші орыннан плей-офф кезеңіне өтуге мүмкіндік берді. Роналдудың командасы Еуро-2024 1/8 финалында Словениямен ойнайды.