Еуро-2024-тен қызықты матчтар күттіңіз бе?
Әрине, олар көп болды. Испания құрамасының кез келген дерлік ойыны бұған дәлел. Оның үстіне үздік командалар ғана емес, Түркия, Грузия сынды қарапайым командалар да тамаша өнер көрсетті. Ал, олардың бетпе-бет кездесуі жалпы турнирдегі ең жақсы жекпе-жектердің біріне айналды. Бір қызығы, екі команда да біз күткеннен асып түсті — грузиндер топтан шықты, ал түріктер ширек финалға дейін жетті.
Еуродан жаңа есімдерді күттіңіз бе?
Жаңа есімдер де жетерлік. Мұның бәрі футболға деген құштарлығыңызға байланысты. Кейбіреулер үшін Мамардашвилидің ашылып ойнауы, басқалары үшін Микаутадзе. Өткен жылы ешкім Миттельштадт туралы айтқан жоқ. Бірақ, қазір ол да ел аузында жүр. Фабиан Руис пен Марк Кукурелья да жаңалық болды. Біз олардың мұндай тамаша өнер көрсететінін елестете де алмадық.
Көңілге кірбің түсіргендер де баршылық
Біз Мбаппеден (және бүкіл Франциядан) көп нәрсені күттік. Лунин шынын айтқанда маусымды құртты. Тіпті Роналду туралы айтуға аузым бармайды. Оның уақытпен күресі бөлек мәселе. Егер қорғанысқа жатып алған Англия керемет Испанияны жеңіп, чемпион атанса, көңілге нағыз қаяу сонда түсер еді.
Еуро — 2024 несімен есте қалды?
Испания құрамасының футболы қазірдің өзінде молекулалар мен атомдарға дейін бөлінген. Луис де ла Фуэнте ойыншыларға көбірек еркіндік берді. Қос қанаттағы шабуылшыларға жиі дриблинг жасауға мүмкіндік беріп, алыс қашықтықтан соққыға тыйым салуды алып тастады. Осының барлығы Испанияға Еуропа чемпионы атануға ғана емес, көптеген жанкүйерлердің жүрегінен орын табуға жол ашты.
Әрбір Еуропа чемпионаты — бұл эмоциялар жиынтығы. Осы орайда турнир сәтті өтті. Аспаздық баннерлер, Дортмундтағы найзағай, Роналдудың көз жасы, Мбаппенің маскасы, Ямальдың рекордтары, Кукурельяның қолы, Пикфордтың бөтелкесі және көптеген автоголдар.
Испанияның жеңісіндегі тағы бір шешуші фактор елеусіз қалған сияқты. Бұл мінез. Көптеген басқа футбол параметрлерінен айырмашылығы, оны өлшеу мүмкін емес. Белгілі бір команданың ерік-жігері мен стресске төзімділігін есептеуге мүмкіндік беретін статистика әлі жоқ. Сонымен қатар, мінезсіз алысқа бара алмайсыз. Онсыз үлкен команда болу мүмкін емес.
Испанияның Еуродағы чемпиондық жолы
Топтан Испания көп күш жұмсамай-ақ келесі кезеңдерге шығып отырды. Бұған олардың футбол шеберлігі жеткілікті еді. Ширек финалда Испания турнирді қабылдаушы Германия құрамасымен ойнайды. Екі команда үшін де өте ауыр матч. Германия өз алаңында испаниялықтарды ғана емес, чемпиондық атақты аламыз деп күтті. Ширек финалға дейін Де Ла Фуэнте командасы барлығын баурап алды. Тәбет тамақпен бірге келеді дегендей, бәрі біз күткендей болды.
Испания Германияға қарағанда стрессті жақсы жеңді. Луис де ла Фуэнтенің Юлиан Нагельсманнан айырмашылығы, қарсыласының ығына қарай жығылған жоқ. Иә, мықты қарсылас, иә, ойын өз алаңында. Бірақ, біз Испаниямыз! Біз өзімізге сенімдіміз және ешкімнің алдында иілмейміз дегендей көрінді.
Матчтың басталуы — тағы бір стресс-тест. Педри жарақат алды. Оны тікелей алмастыру мүмкін емес. Дани Ольмо алаңға шықты. Дегенмен Ольмо гол соғып, нәтижелі пас беріп, ширек финалдың басты қаһарманына айналды.
Германиямен болған матчта Испания ең маңызды тәжірибе алды. Флориан Виртц есепті теңестіргенде Испания үшін еуроның ең қиын кезеңі басталды. Гол жіберіп алған соң және жеңіс уыстан шыққаннан кейін ойынға кіру өте қиын. Эмоционалдық және ойындық басымдық немістерге өтіп, ойын овертаймға ұласты. Ал содан кейін испаниялықтар нәтиже үшін барын салатындарын көрсетті. Нәтижесінде жеңіске жетіп, Германияның жүрегіне тілім-тілім етті.
Содан кейін іш пыстыратын, бірақ өте тәжірибелі, тамаша ойыншыларға толы Францияға қарсы жартылай финал болды. Педриден басқа Испания Дани Карвахаль мен Робин Ле Нормандтан айырылды — екеуі де ойыннан шеттетілді. Сонымен, Франциямен матчқа құрамда қиындықтар болса да, Испания әдеттегідей қарқынды ойнап, жеңісті жұлып әкетті.
Ал финалда Испания Англияға қарсылас атанды. Бірақ, үлкен сынаққа тап болды. Біріншісі — Родридің жарақаты. Бұл төтенше жағдайларда ғана алмастырылатын ойыншы. Ол үлкен матчтардың шебері. Родри сияқты футболшылар финалда жиі жеңіске жетеді. Мұндай ойыншы көбінесе голдарымен немесе пастарымен емес, ойынға күшті әсер етуімен командаға қажет. 2023 жылғы Чемпиондар лигасының финалында Родри жеңіс голын соғып, «Манчестер Ситиге» чемпиондық атақты сыйлаған.
Ойындағы қиындықтарға қарамастан соңында Испания 2:1 есебімен жеңіс тойын тойлап, Еуропаның төрт дүркін чемпионы атанды. Олар, әрине, турнирдегі басқа командалардан жақсы футбол ойнады. Алайда, мұндай үлкен жетістікке мінез болмаса, тек тамаша футбол ойнау жеткіліксіз.