Газадағы қақтығысқа байланысты Израиль Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) ережелерін бұзғаны үшін футболға қатысты барлық әрекеттерден шеттетілуі мүмкін.
Халықаралық құқық және адам құқықтары саласында маманданған заңгерлер тәуелсіз сараптама жасады, — деп хабарлайды Reuters агенттігі. Дереккөзге сәйкес, Палестина футбол қауымдастығы (PFA) Израильді дисквалификациялау туралы ұсынысты мамыр айында жіберген. Өз кезегінде ФИФА оған шұғыл құқықтық баға беруді тапсырып, бұл мәселені шілде айында өтетін кезектен тыс отырысында қарауға уәде берді.
Айта кетейік, 2022 жылдың ақпанында ФИФА мен УЕФА геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты барлық ресейлік клубтар мен ұлттық құраманы халықаралық турнирлерден шеттеткен болатын.
Израиль құрамасы әзірге халықаралық турнирлерге қатысуға құқылы және қыркүйек айында құрама Ұлттар Лигасына қатысады деп жоспарланған. Жарыстың топтық кезеңінде израильдіктер Бельгия, Франция және Италия командаларымен кездеседі.