Париждегі Олимпиада ойындарында Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында бразилиялық теннисшілерден 6:4, 6:4 есебімен жеңілді.
Теннистен жүлде тұрмақ бір сетті ала алмай кеттік. Александр Бублик дайындығым жақсы деп еді. Сондай-ақ, Қазақстанның ерлер арасындағы үздігі Париждегі ұйымдастыру, ауа-райының қолайсыздығына байланысты сын айтқаны да мәлім. Қалай дегенде де бразилиялықтар біздің теннисшілермен бір жағдайда өнер көрсетті. Жеңілісті де мойындай білу керек.
Ал матч аяқталған соң Бублик Олимпиада ойындарындағы жеңіліске қатысты пікір білдіріп, қазақстандықтардан кешірім сұрады.
«Қандай да бір баға беру қиын. Өйткені бізде бірнеше брейк-поинт болды. Өкінішке қарай, бұл теннис. Тіпті медаль тұрмақ жеңіске жете алмағанымыз өкінішті. Сондықтан өз атымнан екі матчта да жеңіске жете алмағаным үшін барлығынан кешірім сұраймын.
Біз жұп болып бірге ойнамаймыз. Тіпті бірдей турнирлерге жиі қатыспаймыз. Соңғы рет Сашамен бірге 2022 жылы Глазгода жұптық сайыста өнер көрсеттік. Мұнда әрине, біз бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, бір жаттығуда жеңіске жеттік. Баға беру қиын. Мен соңғы кездері жұптық сайыстарға қатыспаймын. Бірақ, бұл ақталу емес. Біз ең болмағанда бүгінгі жұпты жеңуіміз керек еді», — деді теннисші.
Айта кетейік, қазақстандық теннисшілерден Елена Рыбакина бронхитке, ал Юлия Путинцева тізе жатақатына байланысты жарысқа қатысудан бас тартты. Ал, Александр Бублик жекелей сында, сондай-ақ жұптық сында Александр Недовесовпен бірге жарыстың алғашқы айналымында жеңіліс тапты. Осылайша қазақстандық теннисшілер үшін Париж Олимпиадасы мерзімінен бұрын, сәтсіз аяқталды.