Жібек Құламбаева Аргентинаның Сан-Мигель қаласында өтіп жатқан ITF W50 турнирін жеңіспен бастады. Жібек италиялық Николь Фосса Хуэргомен бірге жұптық сында Ромина Чкуно (Перу) — Мариан Гомес Пузуэла Кано (Мексика) дуэтін екі сетте 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Бұған дейін Жібек Құламбаева аталмыш жарыста жекелей сында да екінші кезеңге жолдама алған болатын.
Қазақстандық теннисші қыз жекелей сында грек теннисшісі Елени Кристофимен кездесіп, екі сетте 6:3, 6:2 жалпы есебімен сенімді жеңіске жетті. 1/16 финалдық кезең аясындағы матч 1 сағат 33 минутқа созылды.
24 жастағы Құламбаева қазір WTA (Әйелдер теннис қауымдастығы) әлемдік рейтингінде жекелей сында 382-ші орында болса, ал Кристофи 704-ші орынға жайғасқан.
Ал, әлемдік рейтингте 207-орында тұрған қазақстандық Денис Евсеев Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан ATP 250 турнирінің негізгі кезеңіне жолдама алды. Қазақстандық теннисші іріктеу финалында Чехия өкілі Далибор Сврцинамен кездесіп 0:6, 6:4, 6:4 есебімен жігерлі жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, іріктеудің бірінші кезеңінде Денис Евсеев америкалық Рейли Опелканы 7:6, 4:6, 6:3 есебімен ұтқан болатын.