«Реал» шабуылшысы Винисиус Джуниордың «Алтын допты» алатыны туралы ақпарат пайда болды. Marca басылымының хабарлауынша, бразилиялық 28 қазанда Париждегі «Шатле» театрында өтетін салтанатты шарада 2023/24 маусымындағы әлемнің үздік футболшысына берілетін France Football сыйлығы «Алтын допты» алады.
Винисиус «Алтын допты» алған соң екі күннен кейін Nike Мадридтің басты көшесі — Гран Виа бойында жаңа дүкенін ашады. Сондай-ақ Nike Бразилия құрамасының ойыншысы үшін алтын бутсы да дайындап қойған.
Өткен маусымның соңында Винисиус «Реал Мадрид» сапында Чемпиондар лигасын, Испания суперкубогын және Испания чемпионатын жеңіп алды. Сондықтан футболшы бұл марапатқа әбден лайық.
Винисиус «Реалға» 2018 жылдың шілдесінде «Фламенгодан» ауысып келді. Трансфер құны 45 миллион еуроны құрады. Ойыншының клубпен еңбек келісімі 2027 жылдың жазына дейін. Transfermarkt порталында берілген ақпаратқа сәйкес, футболшының нарықтағы құны 180 миллион еуроны құрайды.