Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» жобасының жүзеге асырылуын жалғастыруда. Ауқымды модернизация жұмыстары Өскемендегі «Восток» стадионының қосалқы алаңында өз мәресіне жетті. «Алтай» футбол клубының 500-ге жуық тәрбиеленушілері жаттығу өткізетін спорт нысанында италиялық сападағы халықаралық талаптарға сай жаңа футбол алаңының тұсауы кесілді.
Салтанатты іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов қатысты. Ал жобаның амбассадоры және ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов балаларға ашық жаттығу өткізіп, қолтаңбалар мен сыйлықтар берді. Сондай-ақ, жаңа алаңда QFL Бірінші лигасының 26-шы туры аясындағы «Түркістан» мен «Алтай» ойыны өткізілді. Матч 1:3 есебімен аяқталды.
«Бұл жас футболшыларға керемет мүмкіндік. Аталмыш жоба біздің өңірдегі футболдың дамуындағы жаңа қадам. Жаңартылған алаңда тек мектеп оқушылары ғана емес, сондай-ақ кәсіпқой футбол клубтары ойнай алады. Біз облыстық чемпионат ұйымдастыруды ойлап жүрдік. Осы орайда, ҚФФ пен Әділет Назарбайұлына «ALAÑ» жобасының жүзеге асырылуына алғыс айтамыз» — деді ШҚО облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Жалпы ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл, Аягөз қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Кезекті алаңның ашылуы 28 қыркүйек күні Ақсу қаласындағы «Достық» cтадионында жоспарланған.м