Қазақстандық, әлемнің 213-ракеткасы Бейбіт Жукаев Алматы ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Екінші айналымда 24 жастағы қазақстандық теннисші әлемнің 25-ракеткасы, чехиялық Томаш Махачты жолдан тайдырды. Бірінші партияда Бейбіт 3:1 есебімен алда тұрған кезде өзін жайсыз сезінген чехиялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Ақтау теннис мектебінің түлегі жартылай финалға шығу үшін әлемнің 26-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов немесе рейтингіде 116-орындағы финляндиялық Отто Виртаненнің біреуімен кездеседі.
Қазақстанның екінші, әлемнің 61-ракеткасы Александр Шевченко Алматы ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты. Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 139-орында тұрған ресейлік Аслан Карацевпен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Шевченко айқын басымдылық танытты – 6:1. Екіншісінде Карацев тай-брейкте есе қайырды – 7:6 (7:5). Шешуші, үшінші сетте Шевченко таразы басын өзіне аудара алды – 7:5. Екі сағат 17 минутқа созылған тартысты матчта Шевченко 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.
Александр Шевченко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, аргентиналық Франсиско Серундоломен ойнайды.
Қазақстандық теннисші, әлемнің 192-ракетасы Тимофей Скатов Almaty Open бірінші айналымында өнер көрсетті. Тимофей Скатов турнирдің 1/16 кезеңінде чехиялық теннисші, әлемнің 25-ракеткасы Томаш Махачпен кездесіп, 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстандық теннисші матч кезінде үш эйспен бірге үш брейк-пойнттың біреуін сәтті пайдаланды.
Ал оның қарсыласы Махач сегіз эйс жасап, төрт брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Енді Томаш Махач турнирдің екінші айналымында тағы бір қазақстандық теннисші Бейбіт Жукаевпен шеберлік байқастырады.