Қазақстан футбол федерациясы ALAÑ жобасы аясында оныншы алаңды қолданысқа берді. Кезекті ауқымды жұмыс Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионында жүргізілді. 6 мың жанкүйер сиятын стадион енді халықаралық стандарттарға сай.
Салтанатты ашылуға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов және жоба серіктестері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадоры, футболдан ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Сондай-ақ, жас футболшылар ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар алды.
«Біз бір жыл ішінде еліміз бойынша жаңа 10 алаңды қолданысқа бердік. ALAÑ — бұқаралық фуболды дамытуға арналған жоба. Футбол ойнау арқылы балаларымыз әлеуметтік желілерден басын тартады, денсаулығын көтереді, ал өскелең жас ұрпаққа жағдай жасау — біздің міндетіміз. Сондықтан, еліміздің футболын бірге дамытайық. Ел бірлігі арта берсін», — деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Айта кетейік, «Металлург» стадионындағы жасыл алаң соңғы рет 2010 жылы жөндеуден өткен. Енді ALAÑ жобасы арқасында италиялық сападағы төсеніш төселді. Алаңның сапасын бірінші кезекте «Ұлытау» футбол клубының ойыншылары тексерді. Олар осы аптада жаңа алаңда Премьер-лигаға шығу үшін, SD Family клубымен күш сынасады.
Жалпы ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Енді жыл соңына дейін Қызылорда, Атбасар, Саран қаласында жасыл алаң берілу жоспарда бар.