Еркін күрестен Қазақстан құрамасының өкілі Ризабек Айтмұхан Тиранада (Албания) өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты. Оның қарсыласы ресейлік Шамиль Гаджалиев болды. Кездесуде Ризабек 7:4 есебімен жеңіске жетті. Финал 27 қазанда өтеді. Балуанымыз Иран өкілі Махди Морафамен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еркін күрестен тағы бірқазақстандық балуан Алан Оралбек Тирандағы (Албания) әлем чемпионатының жартылай финалында жеңілді. Алан 57 келіге дейінгі салмақта финалға шығу үшін күрескен. Қазақстандықтың қарсыласы үндістандық Чираг Чираг болды. Ол отандық спортшыны 8:0 есебімен жеңді. Ертең, 27 қазанда Оралбек қола жүлде үшін күреседі. Қарсылас жұбаныш раундының қорытындысынан соң белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, Ризабек Айтмұхан 2023 жылы Белградта (Сербия) өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында ел тарихында тұңғыш рет алтын жеңіп алды. Жақында ол Испанияның Понтеведра қаласында өткен U20 әлем чемпионатында да алтыннан алқа тақты.