Италиялық шабандоз Фаусто Маснада (30 жаста) Astana QazaqstanTeam сапына қосылып, 2025 жылғы маусымға бір жылдық келісімге қол қойды.
Маснаданың негізгі нәтижелерінің қатарында 2019 жылғы «Джиро д’Италия» кезеңіндегі жеңіс, «»Ломбардия турындағы» екінші орын және 2021 жылғы «Романдия турының» жалпы есебінде үшінші орын, сондай-ақ 2022 жылы «Оман турының» жалпы классификациясында екінші орын иеленген.
«Егер сіз маған келесі жылы Astana Qazaqstan Team сапына қосылатынымды бірнеше апта бұрын айтқан болсаңыз, мен сенбес едім. Осындай команданың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Екі қиын маусымнан кейін бұл жаңа мақсаттарға ұмтылуға жаңа мүмкіндік. Команданың 2025 жылға арналған жоспары керемет шабыттандырады және мен оның табысты болуына өз үлесімді қосуды асыға күтемін. Менеджерлер мен келісім-шартты жасауға атсалысқандардың барлығына маған артқан сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа форманы киіп, команданың атынан жарыс жолына шығуды тағатсыздана күтемін», — деді Фаусто Маснада.
Сондай-ақ италиялық шабандоз жайлы Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров пікір білдірді.
«Фаусто – кезеңдік жарыстарда, таулы кезеңдерде, сонымен қатар классикада тамаша нәтижелер көрсеткен тәжірибелі шабандоз. Оның әлеуеті әлі де зор екеніне сенімдімін. Соңғы маусымдарда ол белгілі бір қиындықтарға тап болды. Бірақ оның табандылығы, жұмыс этикасы және қиын жолда нәтиже көрсете білуі біздің алдымызға қойған міндеттерге толық сәйкес келеді. Біз оның жобаның жалпы табысқа жетуіне елеулі үлес қосатынына үміттенеміз және оның командамыздың жейдесінде алғашқы жарысқа қатысуын асыға күтеміз», — деді Александр Винокуров.